Pages

Sunday, April 1, 2018

Ономастика мәселесі: жаңа дүниетаным, айқын бағыт

link

Конференция

Бейсенбі күні «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратының мәжіліс залында «Ономастика: ізденіс пен тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.


Конференцияны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдешов жүргізді.
Шарада филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттің бас ғылыми қызметкері Мекемтас Мырзахметов «Жаңа дүниетаным — жаңа ономастика» тақырыбында баяндама жасады.
  • ХХІ ғасырдың басында квантты физиктер біз малданып келген материалистік, атеистік дүниетанымды жалған таным деп теріске шығарды. Яғни дүниені материя билемейді, ұлы сана билейді деген бірегей байламға келді. Бұл туралы немістің атақты ғалымы Макс Планк: «Ғаламды жоғары сана билейді. Күллі әлем оның көзге ілікпес қуатымен өзара байланысып тұр», — деген дүниетанымдағы жаңа таным шешуші қадам болып шықты. Сондықтан енді ономастика саласының бәрін де осы жаңа дүниетаным негізінде қарастырып, көш басын жаңа дүниетанымға біржола бұрылуға бағыттадық. Өйткені ономастика саласы саясатпен тікелей байланыста болатын бірегей құбылыс болғандықтан, отаршылдық, тоталитарлық елді мекен, жер атауларынан бас тартып, оның орнына ономастика және ұлттық дәстүр негізіндегі жаңа кезеңге қадам бастық, — деді М.Мырзахметов.
Ғалымның айтуынша, бүгінгі күні ономастика саласындағы ең басты міндет — кеңестік кезеңде әр салада қызмет еткен коммунистердің атына жаппай қойылған қазақ жеріндегі тоталитарлық елді мекен, жер атауларынан арылу.
  • Мұндай пікір бұрын айтылмағандықтан, халық аңтарылып қалуы мүмкін. Бір ескертетін жайт, бұлардың арасында ұлт мүддесіне қызмет еткен Дінмұхамед Қонаев, Жұмабек Тәшенов, Асанбай Асқаров сияқты азаматтардың аты Қазақстанның елді мекен, жер атауларында сақталады. Ал бұл саладағы күрес — тез жүзеге аса қоймайтын, ұзаққа созылатын құбылыс,— деді М.Мырзахметов.
Конференцияда Түркия мемлекетінен келген, Эге университетінің Түркі әлемін зерттеу институтының ғылыми қызметкері, география ғылымдарының сарапшысы, топонимист Кәнан Доган, Екатеринбург қаласындағы Орал мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Надежда Коновалова, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Абат Пангереевтер баяндама жасап, ономастика саласындағы мәселелер мен оларды шешудің жолдарын талқылап, өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры Абат Пангереевтің айтуынша, ономастикалық заңдылықтарға сәйкес елді мекен, жер атаулары кісі есімімен аталмауы тиіс, олар орналасқан жердің физикалық-географиялық ерекшелігіне байланысты табиғи аталуы керек. Кісі есімдерімен тек көше атауларын ғана атауға болады.
— Бүгінгі күні ономастиканың бұл заңдылықтары елімізде сақталмай отыр. Мәселен, Ақтөбе қаласын алып қарасақ, көше атаулары бұл заңдылықтарға сәйкес қойылмаған. Әлі күнге дейін учаске болып нөмірленіп тұрған көшелер көп. Сол себепті көшелерге атау бергенде шығармашылықпен жұмыс жасау қажет деп ойлаймын. Себебі аты жоқ көшеде тұру тұрғындар үшін қолайсыз. Егер осы мәселе облыста өз шешімін табатын болса, Елбасы мақаласындағы нағыз рухани жаңғыру іске асты деп айтуға болады, — дейді ол.
Конференцияны қорытындылаған Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдешов ономастика саласында әлі де зерттеп, зерделенетін дүниелердің бар екенін, бұл бағыттағы жұмыстар Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында барлық өңірде тиісті дәрежеде орындалатынын айтып, шараға қатысушыларға ризашылығын жеткізді.
Данагүл ҚАЗИХАН.

No comments:

Post a Comment