Pages

Tuesday, August 28, 2018

Ономастикалық жаңғыру – рухани жаңғыру кепілі

link

Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде "Ономастикалық жаңғыру – рухани жаңғыру кепілі" атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтуде. Оған Қостанай, Астана, Алматы, Павлодар қалаларының тарихшы, филолог ғалымдары мен мамандары қатысып жатыр. Ономастика саласындағы ғылыми-пратикалық мәселелер жөнінде баяндамалар жасалып, пікір-ойлар ортаға салынды.

Шараның басты мақсаты – тарихи топонимдер, өлкенің танымал тұлғалары туралы мәліметтерді жинақтау, жүйелеу және бірізділендіру, елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін ономастикалық жаңғырту бойынша ұсыныстар әзірлеу.



"Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асырудағы өзекті мәселе – бұрмаланған, ұмыт қалған қазақы атауларды қалпына келтіру, сол арқылы қоғамдық сананы жаңғырту. Латын қарпіне көшуге бел буған ұлт ең әуелі осы ономастиканы ретке келтіріп алуы керек. Ономастика кирилл қарпімен жасалғандықтан, бірізділіктің болмауы – әуелден өзекті проблема. Қазақы атаулардың үндік өзгеріске ұшырауынан көп қателік кездеседі. Бұл дамыған елдердегідей бізде ономастикалық заңды нұсқаулықтардың әлі қалыптаспағанын көрсетеді. Мұны топоним, антропоним, прагматоним түйткілдерін тарқатқан астаналық маман, филология ғылымдарының кандидаты Жазира Ағабекова айтты. Ал ҚМУ профессоры Қалқаман Жақып өз баяндамасында ономастиканың жер мен ел тұтастығының кепілі екенін тілге тиек етті.

"Жер-судың байырғы атауларын қайтаруды жалпыхалықтық мүддеге айналдыру қажет. Сондай-ақ, оны орысшадан қазақшаға емес, мемлекеттік тілге аудару деп түсінетін кез келді. Бұған этностық, саяси тұрғыда емес, азаматтық позициямен араласу керек. Қалай болғанда да, ең бірінші салмақ, жауапкершілік – топтастырушы қазақ ұлтында, сондықтан бұған мақсатты түрде кірісуіміз шарт", — деді ол. Конференция сайын бұрқырап айтылып жататын ұсыныстың ешқайсысы жоғарғы жаққа жетіп, қарауға алынып, шешімін таба бермейтінін де сынға ала өтті ол. 

"Бұл үшін конференция, дөңгелек үстел форматы түсіндіру-насихаттау форматына ауысуы керек. Сонда ғана қоғамдық пікір қалыптасады" , — деді Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, профессор, тарих ғылымдарының докторы Зерек Қабылдинов. Мәртебелі мейман баяндамасында қазақ жеріндегі атауларды славяндық ныспылардың қалай ығыстырғанына тоқталды. Патшалық, отаршылдық саясаттың "сарқынынан", ұлттың басына түскен трагедиялардың табынан батыл түрде арылатын уақыттың жеткенін ол да қадап айтты.

"Мәселен, Мәскеуден Напалеон көшесін, ал Парижден Кутузов көшесін кездестіруіміз мүмкін бе? Бұл деген нағыз нонсенс (ақылға сыйымсыз. — автор) болар еді ғой. Ал мен бізге не тарихи, не басқа жағынан мүлдем қатысы жоқ Суворов, Кутузов сынды көшелерді елімізде ұшырастырғанда жағамды ұстап таң қалғам. Кім қойды? Қашан, не үшін қойды? Міне, барып тұрған нонсенс. Осындай бейсауат атаулар кейбір өңірде әлі бар. Сондықтан да, ономастика мәселелерін шешу рухани жаңғырудың алғышарттарының біріне айналса артық емес", — деді З.Қабылдинов. — Сіздерге айтарым, нақты келісіп-пішілген ұсыныстарыңызбен республикалық ономастикалық комиссияға жүгініңіздер. Үлкен өзгерістерді қажет ететін ұсыныстар жерде қалмауы керек деп ойлаймын. Өздеріңіз білесіздер, тарихи, рухани сипатына байланысты, Түркістан облысы пайда болды. Қандай жарасымды! Тарихшы ретіндегі көзқарасым бойынша, Қостанай қала болып қала берсін, бірақ облыс атауы "Торғай" болып өзгеруі керек сияқты!"

Республикалық мамандар ономастикалық жаңғыру тұрғысында ілгерілеушілік байқалғанымен, Қостанай облысының әлі де кенжелеп тұрғанын жасырмады.  Мұнан кейін жергілікті ғалымдар Қостанай өңірінің топономикасына талдау жүргізіп, оны тану – ата-бабамыздың ділі мен дүниетанымын тану екенін ұғындырды. Сонымен қатар, конференция барысында Ахаңның 145 жылдығына орай Ақкөл ауылына ұлт көсемінің есімі берілгені, Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына орай Таран ауданына атын беру, Жеңіс күні қарсаңында Қостанай қаласындағы көшелердің бірін ҰОС ардагері Естай Ещановтың есімімен атау ұсыныстары қаралып жатқаны жария етілді. Материалды толығырақ газеттің алдағы нөмірінен оқи аласыздар.


No comments:

Post a Comment