Pages

Tuesday, December 18, 2018

Ономастика саласындағы оң өзгерістер жалғасын табады

ссылка

Даниал Ахметов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жұртшылық ыстық ықыласпен қабылдағаны белгілі. Мемлекет басшысының жақында жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы қазір қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл тарапта Шығыс Қазақстанда қандай жұмыстар атқарылды, алда қандай жоба-жоспарлар бар? Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов осы өңірдегі тілшімізді арнайы қабылдап, осы және өзге де сауалдарға жауап берді.

Алтай - адамзат өркениетінің ошағы 

- Даниал Кенжетайұлы, жасыратыны жоқ, Шығыс Қазақстанның ономастика саласына қатысты сын аз айтылмайтын. Әлі де ара-тұра сөз болып тұратынын жоққа шығаруға болмас. Десек те соңғы жылдары өңірдің ономастика саласында сең бұзылған секілді. Оң өзгерістерді жұрт көріп-біліп отыр. Әңгімеміздің әлқиссасын осы тараптан өрбітсек. 

- Ұлы замандасымыз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен оның жалғасы ретінде таяуда ғана жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала тарихты таразылау, дәстүрдің озығын дәріптеу, барымызды жоғалтпай, келешек ұрпаққа жеткізу арқылы ұлттық сананы жаңғыртудың нақты жолдарын көрсетеді. Еліміздегі үлкен өзгерістерге қозғау болып отырған бұл құжаттар идеологиялық тұрғыдан жүргізіп жатқан салиқалы саясатың жемісі екендігін мойындауымыз керек. Мемлекет басшысы төл тарихымыздың тереңіне үңіліп, ғылымның бүгінгі жетістігі тұрғысынан қарайды. Әлемдегі жаһандық өзгерістердің көшінен қалмау үшін Ұлы даланы мекен етіп жатқан біздің халықтың бүгінгі ұрпақтарына ата-бабадан жеткен құнды рухани мұраларымызды көздің қарашығындай сақтауға үндейді. 

Шығыс Қазақстан - бірнеше мемлекетпен шектесіп жатқан көпұлтты аймақ. Тарихы тереңнен тамыр тартатын өңірден соңғы жылдардың өзінде теңдессіз жәдігерлер табылды. Біз арнайы бағдарлама қабылдап, Алтай мен Тарбағатай, Шыңғыстау мен Көкентаудың баурайын зерттеуді қолға алдық. Себебі, археология мен тарих ескерткіштері, өнер мен рухани құндылықтар тоғысқан бұл мекендер – Қазақстан халқының сан қырлы мұрасын қалыптастырып, ұлттық бірегейлігін сақтауда маңызды мәнге ие. 

Шілікті мен Берел, Елеке сазындағы қорғандардан табылған б.э.д. VIІI-VII ғасырлық жәдігерлер сол заманның өзінде ата-бабаларымыз табиғатпен үйлесім тауып, металлургия мен зергерлік өнерді терең меңгергендігін дәлелдейді. Белгілі қазақстандық археологтар – Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаевтардың басшылығымен соңғы үш жылда жүргізілген зерттеулердің арқасында облыста БАҚ өкілдері «дала амазонкасы» атап кеткен сақ патшайымы мен «Алтын адам», 19 мыңнан астам артефактілер табылып, ұлттық тарихи қорымызды құнды деректермен толықтырды. Мұның барлығы Алтайдың адамзат өркениетінің ошағы, түркі әлемінің алтын бесігі болғанын анық айғақтайды. Кешегі Кеңестік қоғамның саяси жүйесіне тәуелді болған заманда ұлтымыздың тағылымды тарихын, бекзат болмысын танытатын, ата-бабаларымыздың жер мен судың табиғи, тарихи ерекшеліктеріне қарай берген атауларын халықпен санаспай, жаппай өзгерту үрдісі тек біздің елімізде ғана емес, Одақ құрамында болған республикалардың бәрінің де басында болған ауыр жағдай. Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты стратегиялық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасының негізгі мақсаты да - атамекеннің әр сайы мен қырқасын, өзені мен жер атауының рухани-танымдық маңыздылығына айрықша мән беріп, жас ұрпақты жаңа қазақстандық патриотизм тұрғысынан тәрбиелеу. 

Бір мәселені естен шығармауымыз керек. Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында, ұзақ уақыттан бері біздің жерімізде өмір сүріп келе жатқан көптеген этностарға ортақ Қазақстан тарихы туралы айта келе, түрлі этностардың көптеген көрнекті тұлғалары ортақ тарихқа өз үлестерін қосқанын атап өтті. Рухани жаңғыру дегеніміз басқа халықтардың ролін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсету үшін жасалмайтынын үнемі қайталаумен келеді. Бұл жерде үлкен жауапкершілік қаншама ұлттың басын қосып отырған қазақ халқына тиесілі екені ерекше атаған жөн. Біз тарихи тағдыр тоғыстырған көпұлтты, біртұтас елміз. Сондықтан, нақты ғылыми деректерге сүйеніп, жаһандық тарихтағы өз орнымызды байыппен әрі дұрыс пайымдай отырып, елімізді мекендеп жатқан басқа ұлттар мен ұлыстардың мәдениеті, салт-дәстүріне құрметпен қарауға тиіспіз. Бүкіл қазақстандықтардың қызығушылығы мен мүддесі бір арнаға тоғысқанда ғана шешім дұрыс болады. Мысалы, Антон Чехов әлемдегі ең ұлы жазушылардың бірі деп танылған дарын иесі. Ол әлем әдебиетінің классигі. Оның шығармаларымен бірнеше ұрпақ сусындап өсті. Мұндай адамға көше атын беру орынды деп есептеймін. Сол сияқты белгілі жазушы, ойшыл, әлемнің ұлы жазушысы Лев Толстойдың да орны ерекше. Шәкәріммен хат алысқан кемеңгер жазушының елімізге қатысы жоқ деп кім айта алады? 

Александр Затаевичті қазақ өнерінің жанашыры болғанын бәрі біледі. Ол – Ақан сері, Біржан сал, Абай, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Құрманғазы, Мұхит, Дәулеткерей, Тәттімбет шығармаларын алғаш рет жарыққа шығарып, ұлттық дәстүрлерді сақтаушылар мен дамытушылар жайында қайталанбас деректер жазып қалдырған этнограф. Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні», «Қазақтың 500 ән-күйі» қазақ өнеріне қосқан баға жетпес байлық деп есептеймін. Ендеше, бір көшемізді осындай адамның құрметіне неге атамасқа?! ХIХ ғасырдың 30 жылдары азаттық жолында билік диктатурасына қарсы болған саяси күрескерлердің көбі Патшалық Ресейден жер аударылып қазақ жерін паналаған. Солардың бірі Адольф Янушкевич. Шығыс Қазақстанды түгелдей дерлік аралап, оның ішінде Семей, Аягөз жерлеріндегі сапарларынан құнды деректерді жазып қалдырған саяхатшы Янушкевичтің еңбегі қазақ елі тарихына қалдырылған құнды дүние емес деп кім айта алады?! Олай болса, жүз алпыс жылға жуық тарихы бар поляк-қазақ мәдени-әдеби байланысының көш бастаушысы болып саналатын Янушкевичке бір көшемізді неге бермеске?! Ал енді Дмитрий Менделеевтің әлемдік ғылымдағы орнын кім білмейді? Оның периодикалық жүйесін бүкіл дүние жүзі қолданып отырған жоқ па?! Сол сияқты, тұңғыш ғарышкер болған – Юрий Гагарин. Оның аэро-ғарыш саласына қосқан үлесін бүкіл әлем мойындаған. Олай болса, Менделеев пен Гагаринге берілген көше атауларын өзгерту керек пе? Жоқ. Олар бір ғана ұлтқа емес, барша адамзат өркениеті үшін қызмет еткен, ғылымда үлкен бетбұрыс жасаған тұлғалар. 

Тәуелсіздік, Достық, Ынтымақ, Бірлік сияқты ұлтты, халықты біріктіруші атаулар болады. Бұл мемлекеттік деңгейде базалық құндылықтарымызға айналған киелі ұғымдар. Оны халық та түсініп, өздері қолдау білдіріп келеді. Кешегі сұрапыл соғыс жылдарында ерлік көрсетіп, батыр атанған жерлестеріміз де бар. Оларды да ұмытуға болмайды. Зырян ауданының үш мектебіне Кеңес одағының батырлары В.Харин, А.Бикетов және С.Суминнің, Көкпекті ауданы Самар ауылының Мәдениет үйіне Ұлы Отан соғысы ардагері И.Федосовтың есімдері берілді. Атаулары табиғи ортасына байланысты қойылған көшелер болады. Луговая, Набережная, Степная, Заречная сияқты. Олардың саясат, не идеологияға қатысы жоқ қой. Жергілікті халықтың өз қалауымен, қабылдауына ыңғайлы болған соң аталып кеткен. Жалпы, көшеге ат беруде, оның қашықтығына, орналасқан орнына, тұрып жатқан халықтың ұлттық құрамына ерекше назар аударылуы тиіс деп ойлаймын. 

Өскеменде соңғы екі жылда 41 көше атауы өзгерді 

- Осы ретте облыс орталығы - Өскеменде ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқан секілді. 

- Иә. Бір ғана Өскеменнің өзінде соңғы екі жылда 41 көше атауы өзгерді. Бұл бағытта біздің нақты бағдарымыз бар. Кез келген өзгеріс халықтың оң бағасын алуы үшін оның қазақстандық бірегейлікке, тәуелсіздіктің идеалдарына, тарихи маңыздылығына сәйкес болуы аса маңызды. Халық кешегі өткен кеңестік-коммунистік режимнің де көлеңкелі тұстарын білу керек. Ұрпағымыз қай көшемен келе жатқанын, ол көшенің кімге арналғанын, ол адамның қандай болғанын нақты білгенде ғана біз рухани жаңғырамыз. Мысалы, Дзержинский, Ордженикидзе, Ворошиловтар кім?! Көше берерліктей елімізге қандай еңбек сіңірді? Қазақты қойып, жалпы бұқара халыққа олардан тиген пайда бар ма? Жоқ. Бірі қанады. Бірі тонады. Бірі халықты қынадай қырды. Ал бүгінгі ұрпақ сол кезеңдегі бүкпесі көп тарихты біле ме? Біздің мақсат - соны түсіндіру. Өскемендегі Карл Маркстың есімі берілген күре жолға Қаз дауысты Қазыбек бидің атын бердік. Қазыбек би кім? «Жеріміздің шетін жау баспасын, елімізден құт-берекесі қашпасын» деп атқа қонған, көпке үлгі кесімді сөзін айтқан дара тұлға. 

Облыстық ономастикалық комисия биылғы жылдың өзінде 4 отырыс өткізіп, 478 ұсынысты қарап, 321-і бойынша оң шешім қабылданды. Оның ішінде 291 көше, 14 әкімшілік-аумақтық бірлік, 9 нысан бар. Республикалық ономастикалық комиссияға жолданған ұсыныстар арасында Өскемен қаласындағы Ордженикидзе көшесін Сағадат Нұрмағамбетов көшесі деп атау, Революционная көшесін Қалихан Ысқақ, Дзержинский көшесін Әміре Қашаубаев, Киров көшесін Антон Чехов, Головков көшесін Бейбітшілік, Советская көшесін Александр Затаевич, Крупская көшесін Евгений Брусиловский, Октябрьская көшесін Мұхамеджан Тынышпаев, Меновное ауылындағы Советскаяны Адольф Янушкевич құрметіне атау сияқты ұсыныстар бар. 

-Халық бастап, өзіңіз қостаған Зырян қаласы мен осы аттас ауданға Алтай атауын беру туралы ұсыныс, бір ғана Шығыс емес, күллі Қазақстан халқын серпілткен керемет жаңалық болды. Зырян қашан Алтай болады?

- Алтай – сан түрлі халықтың шыққан жері, атажұрты. Сол себепті, біз қандай киелі жерде тұрып жатқанымызды ешқашан ұмытпауымыз керек. Бұл – ең алдымен тарихымызға тағзым. Аудан атын өзгерту экономикалық тұрғыдан да тиімді болары сөзсіз. Неге десеңіз, Алтай – брендтік атау. Бұл өңірге туристерді көптеп тартуға мүмкіндік береді. Түбі бір түркі жұрты үшін қасиетті мекен, киелі жер атанған Алтай атауын Зырян қаласы мен ауданға беру туралы жергілікті қауымдастықтың 20 мың адам қол қойған өтініші мен 239 жиналыстың қорытындысы бойынша ұсыныс-тілектер, ең алдымен, аудандық, кейін облыстық деңгейде қаралып, Үкімет жанындағы республикалық ономастикалық комиссияға ұсынылды. Мәселе бір ауыздан мақұлданған. Қазір тиісті ұйымдастыру-рәсімдеу шаралары жүріп жатыр. Бұл шаруа оңай болған жоқ. Оны да айтуымыз керек. Зыряндағы халықтың 85 процентін өзге ұлт өкілдері құрайды. Осыған қарамастан Зырян халқы жұдырықтай жұмылып, Алтай атауын жылы қабылдады. 

- Бұл бағыттағы жұмыстар, яғни атауларды «рухани жаңғыру» тұрғысынан қайта қарау алдағы уақытта жалғасатын болар. 

- Жалғасады. Бұл – заман талабы, уақыт өлшеміне сай маңызды мәселе. Бірақ, қайталап айтамын, бұл жерде науқаншылдыққа жол беруге болмайды. Атасының атына ауыл, көкесінің есіміне көше беруге жол берілмейді. Барлығы халықтың қалауымен, саналы түрде жүретін болады.

 - Даниал Кенжетайұлы, уақыт бөліп, әңгімелескеніңіз үшін алғыс білдіреміз.   

Әңгімелескен Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»

No comments:

Post a Comment