link
НҰР-СҰЛТАН.
ҚазАқпарат – Қазақстанда алғаш рет «Тарихи-диахрондық әдісті қолдану арқылы ономастикалық атауларды жүйелендіру қызметі» жобасы іске асырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
6 жылға жоспарланған бұл жоба жазу реформасын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасындағы елді мекендердің тарихи атауларын қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
«Ономастикалық атауларды біріздендіруге бағытталған ауқымды жоба «ҚР тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» міндеттерін іске асыру бағытында жүргізіледі. Негізгі мақсат - еліміздегі жер-су атауларына қатысты тарихи деректерді ғылыми айналымға түсіру және тарихи ономастикалық атауларды қалыпқа келтіру, жүйелендіру. Қазіргі Қазақстан аумағындағы топонимдердің диахрондық картасын әзірлеу арқылы топонимдердің өзгеру динамикасын көрсету әрі біріздендіру», - деді Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов жобаның ғылыми-зерттеу тобының отырысында.
Жобаны жүзеге асыруда Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен, Мемлекет тарихы институтымен, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен, География институтымен, өңірлердегі ономастика бөлімдерімен, аталған саладағы жетекші ғалымдарымен бірлесе жұмыс істеу жоспарланған. Сонымен бірге, жоба бойынша дәлелді құжат жинау үшін авторлар Ресей Федерациясындағы архивтерден материалдар қарауға, жинақтауға мүмкіндік алады.
«2020 жылы зерттеу жұмысын бастауға Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстары алынып отыр. Топ мүшелері ономастикалық атауларды ғылыми айналымға түсіру үшін Қазақстан мен Ресейдегі мұрағаттар мен кітапханаларда болып, ғылыми-зерттеу материалдарын жинастырады. Әр кезеңге байланысты буклет түріндегі карталар жинағын әзірлейді, ресми сайттарда, БАҚ беттерінде жоба барысы, ғылыми-зерттеу нәтижелері бойынша мақала жариялайды, сұхбат, ақпарат беріп отырады»,- деді Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, зерттеу тобының жетекшісі Зиябек Қабылдинов.
Басқосуда С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ профессоры, зерттеу тобының мүшесі Сәуле Иманбердиева ономастикалық атауларды жүйелендірудің ғылыми-әдістемелік бағыттарына тоқталды.
«Қай өңірде де жер-су аттарына байланысты аңыз, әпсаналар жетерлік. Ал біздің ғылыми-зерттеу жұмысымызда аңыз, әпсаналар дәлелді материал бола алмайды. Зерттеу әдісіміз – тарихи-диахрондық болғандықтан, ең алдымен әр атаудың этимологиясы анықталады, уақыт өте атаулардың өзгеруі, экстралингвистикалық факторлардың әсері талданады, топонимдердің субстраттары айқындалып, диахрондық реестрі құрылады. Осы реестрді басшылыққа ала отырып, болашақта карта жасалуы мүмкін», - деді С. Иманбердиева.
No comments:
Post a Comment